Көркем шығармалардағы психологизмнің көрінісі

Автор: Т. Р. Әбдіқадырова1, Ж. Жанатбекқызы2

1,2М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Тараз қ., Қазақстан
Бет 8-17

https://doi.org/10.55956/RVXX5764

Аңдатпа. Мақалада қазақ әдебиетінде әлі де болса толық зерттелмеген "психологизм" ұғымы жан - жақты қарастырылған. Психологизм әдебиетпен тығыз байланыста, себебі көркем шығарманың негізгі объектісі адам болғандықтан, адамның іс - әрекеті мен психологиясының да шығармада көрініс табатындығы анық. Демек, психологизм - әдебиет пен психологияны байланыстырушы дәнекер. Мақалада психологизм ұғымына түсінік беріліп, оның түрлері, өзіне тән көркемдік - стильдік ерекшеліктері қазақ әдебиеттануына үлес қосушы ғалымдардың еңбектерінің негізінде ғылыми жүйеленіп талданады. Бақытжан Майтановтың " Қазақ романы және психологиялық талдау", "Қаһарманның рухани әлемі", Гүлзия Пірәлінің "Көркем шығармадағы психологизм мәселелері" атты зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, қазақ прозасындағы психологизм аспектілері сараланады. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Асқар Алтай шығармаларынан үзінділер келтіріліп, көркем шығармадағы психологизмнің көрінісі мен берілу тәсілдері жүйеленген. Сонымен қатар, әдеби туындыдағы психологизмнің бейнелеу құралдары, атап айтқанда ішкі монолог пен диалогтың кейіпкер характерін, психикалық күйін танытудағы қызметі нақтылы шығармалардан мысалдар келтіре отырып, дәйектеледі. Әдеби психологизмнің қалыптасуы мен даму үдерістері сараланып, көркем шығармадағы эстетикалық көрінісі айқындалады. Психологиялық прозаға тән басты ерекшеліктер қарастырылып, кейіпкердің тұлғалық болмысын танытудағы психологиялық стиль мәселесі зерделенген. Фольклорлық үлгілерден бастау алған түс көру мотивінің көркем прозадағы өзіндік орны мен дәстүр жаңашылдығы сараланады. Көркем шығармадағы сана ағыны, психологиялық талдау, қостұлғалық мәселелері қарастырылған.

Тірек сөздер: психологизм, сана, монолог, кейіпкер, психологиялық талдау, проза.

(PDF)