Рецензиялау тәртібі

Плагиатқа тексеру тәртібі. «Механика және технологиялар» журналына жарияланатын әрбір мақала плагиатқа тексеруден өткізіледі. Ол үшін лицензияланған «Антиплагиат.ВУЗ» бағдарламасы қолданылады. Плагиатқа тексеруден өткен мақала ғана рецензияға жолданады. Плагиат фактілері анықталған мақала келесі кезеңге өтпейді және ол туралы авторға ескертіледі.

Мақалаларды рецензиялау тәртібі. «Механика және технологиялар» журналына жариялау үшін тек рецензенттер мен редакция алқасы мүшелерінің оң пікірін алған мақалалар ғана қабылданады. Мақалар екі кезеңмен рецензиядан өтеді.

Бірінші кезеңде автор ұсынған ғылыми мақаланы редакцияғылыми бағыттары мақаланың тақырыбы мен мазмұнына сәйкес келетін ғылым докторы немесе кандидаты (PhD докторы) ғылыми дәрежелері бар 1-2 тәуелсіз ғалымға рецензияға жібереді. Рецензенттер ретінде басылымның редакция алқасы құрамына кірмейтін отандық мамандар, сонымен қатар Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларға енген басылымдарда жарияланған мақалалары бар шетелдік мамандар тартылады (Ресей һ-3, Малайзия һ-7, Венгрия һ-7, Өзбекстан һ-3 және т.б.). Мақала екі тарапқа да жасырын рецензияланады. Ол үшін рецензентке жіберілетін мақала файлында авторлар туралы мәліметтер көрсетілмейді. Рецензент рецензияны редакция ұсынған нысан бойынша толтырады. Рецензия компьютерде теріледі және мәтін көлемі 1-2 бетті құрайды.Рецензияда рецензенттің аты-жөні, лауазымы және ғылыми дәрежесі көрсетіледі. Рецензияда мақаланың өзектілігі, зерттеу әдістемесінің сипаттамасы, ғылыми жаңалығы, тәжірибелік құндылығы, баяндалу сапасы және пікір берушінің шешімі (қабылдау немесе қабылдамау) көрсетіледі. Рецензенттердің мақаланы қарау ұзақтығы 10 күннен аспауы тиіс. Дайын рецензияның электрондық нұсқасы http://journals.dulaty.kz сілтемесі арқылы электрондық сайттағы платформа көмегімен журнал модераторына жолданады.

Рецензент мақаланы жариялауға ұсынған жағдайда жұмыс келесі тексеру кезеңіне жолданады. Егер рецензияда кемшіліктер көрсетілген жағдайда мақала түзетулер енгізу үшін авторларға кері қайтарылады. Рецензент мақала туралы теріс пікір білдірген жағдайда мақаланы жариялаудан бас тарту  шешімі бас редактордың  қолы қойылған жазбаша түсініктеме ретінде авторларға жіберіледі.

Екінші кезеңде  рецензиядан өткен  мақала ғылыми бағытына байланысты редакция алқасының бір мүшесіне жолданады. Ол мақаланың журнал талаптарына сәйкестігін тексеру және жариялауға ұсыну (немесе кері қайтару) үшін мақаланы қарастырады. Редакциялық алқа мүшесінің ғылыми мақаланы қарау ұзақтығы 5 күннен аспауы тиіс. Редакциялық алқа мүшесінің пікірі теріс болған жағдайда, мақала авторларға пысықтауға жіберіледі немесе кері қайтарылады.

Тексерудің барлық кезеңдерінен өткен (оң пікір алынған) мақала журналдың кезекті нөміріне енгізу үшін қабылданады.

Мәлімет үшін: 2023 жылдың қорытындысы бойынша редакциялық тексеріс жүргізілген мақалалар саны төмендегідей:

- редакцияға келіп түскен мақалалар саны – 113;

- жарияланған мақалалар саны (түзетілгенімен қоса есептегенде) – 81;

- қабылданбаған мақалалар саны – 32.