Басты бет - Журнал туралы - Dulaty University хабаршысы - Әдеп қағидалары
Әдеп қағидалары
«Dulaty University Хабаршысы» Жарияланымдар этикасы комитеті (COPE) https://publicationethics.org/ белгілеген этикалық қағидаларды қатаң сақтауға және осы талаптарға сәйкес келетін ең үздік практика үшін стандарттар мен нормаларды белгілей отырып, жарияланымның жоғары стандарттарын қолдауға міндеттенеді.
Редакция «Dulaty University Хабаршысы» журналында жариялау үшін мақалаларды таңдау туралы шешім қабылдауға жауап береді. Ұсынылған жұмыстарды бағалау редакторлар үшін тек зияткерлік мазмұнмен шектелуі керек.
«Dulaty University Хабаршысы» журналында жариялау үшін ұсынылатын ғылыми мақалалардың авторлары, қосалқы авторлары, тексеруден өткізетін редакциялық алқа мүшелері мен рецензенттер ғылым саласындағы келесідей теріс пиғылдағы фактілерге жол бермеуі тиіс:
1) Авторлар орындамаған және нәтижесін алмаған зерттеулердің (теориялық, эксперименттік және т.б.) нәтижелерін жариялауға;
2) Зерттеу нәтижелерін қасақана бұрмалауға немесе ғылыми деректердің анықтығына әсер ететін ақпаратты жасыруға;
3) Өзге авторлардың ғылыми нәтижелерін иемденуге немесе ғылыми идеяларын тиісті сілтемесіз беруге;
4) Зерттеу жүргізуге және мақала дайындауға үлес қоспаған тұлғаларды авторлар құрамына енгізуге;
5) Ғылыми мақаланы елеулі сапалық және сандық өзгеріссіз немесе қосымша ғылыми нәтижелерді пайдаланбай, өзге атаумен қайта жариялауға;
6) Журналдың, сондай-ақ редакциялық алқа мүшелерінің беделі мен мәртебесіне теріс ықпал ететін материалдарды ұсынуға;
7) Редакциялық алқа мүшелерінің өзінің немесе өзі жетекшілік ететін шәкірттерінің (студенттер, магистранттар, докторанттар) мақалаларына рецензия беруге;
8) Мақала авторларының құрамын бұрмалауға;
9) Жалған ғылыми материалдарды ұсынуға;
10) Ғылыми мақаланы басқа авторлардың келісімінсіз және редакциялық алқаның рұқсатынсыз басқа басылымға беруге;
11) Мақала материалдарын үшінші тұлғаларға таратуға;
12) Авторлық құқықтарды және редакциялық үрдістердің құпиялығын бұзуға;
13) Қолжазбаларда дәйексөздерді бұрмалауға және плагиатқа жол беруге;
14) Қолжазбаны толығымен жасанды интеллекті арқылы жазуға жол берілмейді. Мақала жазуда жасанды интеллекті қолданған жағдайда (ақпарат алғанда) оған сілтеме берілуі тиіс.
14) Мақалалардағы ғылыми мүдделер қақтығысына.
Аталған фактілер (немесе олардың біреуі) анықталған жағдайда олар ғылыми мақаланың ресми рецензиясында көрсетілуі тиіс. Жарияланымға дейін анықталған теріс фактілер жойылуы қажет немесе түзетілуі тиіс. Түзетілмеген жағдайда қолжазба кері қайтарылуы керек. Этикалық белгілер бойынша ғылыми мақаланы жариялаудан бас тарту шешімі бас редактордың қолы қойылған жазбаша түсініктеме ретінде беріледі.
Жарияланып қойған мақалада этикалық талаптардың бұзылғандығы анықталған жағдайда, оны қайтару ісі редакция тарапынан немесе авторлар тарапынан жүзеге асады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда редакциялық алқа тиісті негіздеме жасау арқылы оларды теріске шығарып, басылым нөмірлерінің бірінде ресми кешірім сұрауы тиіс. Ондай мақалалар журнал санынан алынып тасталмағаны жөн. Журналдың келесі санында автор мақалада кеткен кемшіліктер туралы тиісті түсініктеме береді.
Авторлар құқығы.
«Dulaty University Хабаршысы» журналына мақала ұсынатын авторлар мынадай құқықтарға ие:
- өзінің немесе әріптестерінің қатысуымен жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалған мақалалар ұсынуға;
- редакциядан мақалалар дайындау талаптарын алуға;
- ұсынған мақаланың авторлық құқықтарын қорғауға;
- мақаласы бойынша редакциялық сараптама барысы туралы ақпарат алуға;
- мақаланы қабылдау туралы шешім шыққанға дейін оны жариялаудан бас тартуға;
- жарияланған мақаланың көшірмесін алуға құқылы.
Авторлардың міндеттері.
«Dulaty University Хабаршысы» журналы мақала ұсынған авторларға редакция алдында келесідей міндеттер жүктеледі:
- редакцияға ұсынылатын мақаланы журнал талаптарына толық сәйкестендіру;
- бұрын жарияланған немесе басқа басылымдарға ұсынылған мақалаларды редакцияға жібермеу;
- мақала дайындау барысында әдеп қағидаларын сақтау;
- мақалада қолданылған материалдарға сілтемелер беру;
- мақаладағы дәйектердің, нәтижелердің, фактілердің дұрыстығына кепілдік беру;
- мақаланы редакциялық сараптау барысында қажетті мәліметтер беру және талаптарды орындау;
- сараптау нәтижесінде мақалада анықталған кемшіліктерді түзету;
- электрондық сайттағы платформа арқылы мақала ұсыну және хат алмасу;
- қабылданған мақалаларды жариялау ақысын төлеу және төлем түбіртектерінің көшірмесін жіберу;
- жарияланған мақаланы электрондық сайттан өз бетінше жүктеп алу;
- журналдың әр санына 2 мақаладан артық ұсынбау.
Рецензенттердің құқықтары мен жауапкершілігі.
«Dulaty University Хабаршысы» журналының рецензенті келесі құқықтарға ие:
- рецензияға ұсынылатын мақаланың электрондық нұсқасын алу (авторлары көрсетілмеген);
- рецензия нысанын алу;
- рецензияны 7-10 күн мерзімде дайындау;
- өзінің зерттеу бағыты мақала мазмұнымен сәйкес келмеген жағдайда рецензия беруден бас тарту;
- рецензия нәтижесінде кемшіліктері анықталған мақаланың түзетілген нұсқасын алу;
Рецензенттердің жауапкершіліктері төмендегідей:
- рецензияға ұсынылған мақаланы бөгде тараптарға таратпау;
- мақаладағы материалдарды өз мүддесіне пайдаланбау;
- рецензияны сапалы, дәйекті және объективті дайындау;
- рецензияны белгіленген мерзімнен кешіктірмей редакцияға ұсыну;
- рецензияны қолтаңбасымен растап, жұмыс орнының мөрімен бекітіп, электрондық нұсқасын редакцияға платформа арқылы тапсыру;
- мақалада анықталған кемшіліктерді түзету бойынша ұсыныстар беру.
Редакциялық алқа мүшесінің құқықтары мен міндеттері.
«Dulaty University Хабаршысы» журналының редакциялық алқа мүшесінің құқықтары мен міндеттері төмендегідей:
- журналдың жауапты бағыттары бойынша ғылыми мақалаларды қарау және оларды сараптап бағалау;
- мақалаларды рецензиялау үшін ғалымдар мен мамандарды тарту;
- «жасырын» рецензиялау үшін рецензенттер базасын қалыптастыруға және жаңартуға қатысу;
- ғылыми ұжымдар мен ғалымдар арасында журналды насихаттау;
- ұжымдық шешім шығару үшін мақаланы рецензиялау бойынша сұрақтар әзірлеу және ұсыну;
- редакциялық алқа жұмысына қатысу және басылым сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар дайындау.
Редакция маманының құқықтары мен міндеттері.
«Dulaty University Хабаршысы» журналының маманына (шығаруға жауапты тұлғаға) мынадай құқықтар мен жауапкершілік жүктеледі:
- мақала авторларымен іскерлік хат алмасу;
- мақаланы рецензиялау және журналды дайындау мәселелері бойынша бас редактормен және редакциялық алқа мүшелерімен өзара әрекеттесу;
- журнал нөмірлерін шығару мәселелері бойынша «Dulaty University» баспасымен қарым-қатынас жасау;
- журналдың электрондық сайтын ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету;
- мақалалар жинау және талдау, оларды рецензенттерге беру;
- мақалаларда көшіру фактілерін (плагиат) анықтау үшін тексеру жүргізу;
- мақаланың рәсімделуін қолданыстағы стандарттар (бұйрықтар, ережелер, нұсқаулықтар және т.б.) талаптарына сәйкестігін бақылау;
- журналдың кезекті нөмірін дайындау;
- нөмірлердің электрондық нұсқаларын жасау және оларды журналдың электрондық сайтына орналастыру;
- мақалалардың метадеректерін дайындау және олардың электрондық нұсқаларын дерекқорларға, оның ішінде халықаралық базаларға жіберу;
- журнал нөмірлерінің шығу мерзімдерін бақылау;
- мақалаларды көшіру фактілерін анықтау үшін жүргізілген тексеру анықтамалары мен жариялауға қабылданған ғылыми мақалаларға берілген рецензиялардың электрондық нұсқаларын сақтау.
Бас редактордың құқықтары мен міндеттері.
«Dulaty University Хабаршысы» журналының Бас редакторының құқықтары мен міндеттері:
- редакциялық алқаның қызметіне басшылық жасау;
- редакциялық алқаның сапалық және сандық құрамын айқындау;
- ғылыми мақалаларды «жасырын» рецензиялау үшін рецензенттер базасын қалыптастыру;
- мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, баспасөзде, түрлі ғылыми форумдарда, конференцияларда және т.б. редакция алқасы мен ғылыми журналдың мүдделерін қорғау;
- журналдың әрбір нөмірінің жобасын қарау және оны баспаға беруге рұқсат ету;
- журнал нөмірлеріне енгізілетін ғылыми мақалалардың сапасын бақылау;
- журнал қызметі бойынша авторлармен, редакциялық алқа мүшелерімен және редакция қызметімен байланысты басқа да тұлғалармен іскерлік хат алмасу;
- журнал мазмұнының сапасына, тақырыптық бағыты мен шығарылу мерзіміне жауапты болу;
- журналға сілтеме жасалуын жақсарту, оның имиджі мен ғылыми ортада танылуын жетілдіру бойынша іс-шараларды әзірлеу және іске асыру.