Басты бет - Мұрағат - Dulaty University хабаршысы - Жаңа номер - Dulaty University хабаршысы - Dulaty University хабаршысы 2023-3
https://doi.org/10.55956/XKBB8655
Аңдатпа. Заманауи білім беру жүйесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкес жағдай жасауға арналған, сондықтан авторлар мақалада жалпыға білім беретін мектеп жағдайында психикалық дамуы тежелген балалардың логикасын дамыту мәселесін қарастырған. Мектепке дейінгі ересек және мектеп жасындағы балалардың ойлауын, оның ішінде логикалық ойлауын, дамытуға ерекше мән беру қажет, себебі мектепте оқудың басталуымен ойлау басқа танымдық процестермен қатарлас негізгі процестің біріне айналады. Логикалық ойлаудың қалыптаспауы баланың алған білімінің толық болмауына әкеледі, өз кезегінде бұл жағдай оқу процесін қиындатады және оның тиімділігін төмендетеді. Психикалық дамуы тежелген балаларда ойлаудың көрнекі-бейнелі және ауызша-логикалық түрлері жақсы дамымағандықтан оларда үлкен қиындықтар туындайды. Біздің зерттеуіміздің практикалық маңыздылығы осы топтағы балалардыңлогикалық ойлау тәсілдерін (талдау, салыстыру, жіктеу, ұқсастықты анықтау, жалпылау, себеп-салдарлық байланыстарды түсініп, пайдалану), есте сақтау қабілетін, зейінін, қолдың ұсақ моторикасын, басқатырғыштарды шешуге қызығушылықтарын дамытуға арналған кешендік бірлескен сабақтарды даярлаумен анықталады.
Тірек сөздер: инклюзивті білім беру, ерекше білім беру қажеттіліктері, психикалық дамуы тежелген балалар, логика, дамыту.
https://doi.org/10.55956/KWSO3603
Аңдатпа. Мақалада студенттерді медиабілім үдерісінде даярлаудағы тұлғалық- бағдарлытұғырдың маңыздылығы зерттелген.Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерге шолу жасап, ондағы тұлғалық-бағдарлы тұғырдың мәні, тұжырымдамалары және оның білім беру үдерісіндегі рөлі қарастырылған.Мақала мәтінінде кездесетін негізгі кілттік сөздердің анықтамалары берілген.Қазіргі цифрлық және ақпараттық қоғамдағы негізгі құзыреттер болып табылатын студенттердің сыни және шығармашыл ойлауын, білім жолындағы өзіндік ізденісі мен өзін-өзі көрсетуін, үздіксіз білім алуына және бәсекеге қабілеттілігін дамытудың өзектілігі айтылған.Мақаланың қорытындысында студенттерді медиабілім үдерісінде даярлаудағы тұлғалық-бағдарлы тұғырдың мақсатқа жетудегі мүмкіндіктері беріліп, қорытынды жасалынған.
Тірек сөздер: медиабілім, масс-медиа, медиабілім үдерісі, тұғыр, тұлғалық бағдарлы тұғыр.
https://doi.org/10.55956/XQFQ1731
Аңдатпа. Цифрландыру білім мазмұнына ғана әсер етіп қоймай, ақпараттық білім ортасын ұйымдастыруды жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Университеттегі білім беру бағдарламалары ақпараттық технологиялар өзгерісіне ілесіп, жыл сайын жаңарту және толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Ақпараттық білім ортасын ұйымдастыруда дағдылы болып кеткен презентациялар мен бейнефайлдарды қолданумен қатар бейнебайланыс көмегімен жетекші мамандардың сабаққа қатысуын, деректер қорына тікелей қолжетімділік, жаңалықтар немесе форумдарды трансляциялауды жоспарлау, әлеуметтік желі мүмкіндіктерін қолдану қазіргі сабақты өткізудің формаларына айналуы тиіс. Мақалада ақпараттық технологияларды оқыту әдістемесін жетілдіру екі бағытта жүзеге асатыны көрсетілген. Біріншісі, пәннің мазмұнын жаңартып отыру. Екіншісі, виртуалды тақта, менталды карта, кеңейтілген шындық немесе білім берудегі мобильді технологиялар мен QR кодтарды, жаңа технологияларды қолдану әдістерін талқылаумен байланысты.
Тірек сөздер: ақпараттық білім ортасы, ақпараттық технологияларды оқыту әдістемесі, жаңартылған мазмұн.
https://doi.org/10.55956/TVQG8249
Аңдатпа. Мақалада қазақ әдебиетіндегі рубаи жанрының аудармасы туралы қарастырылған. Шығыс ақындарының лирикалық, философиялық рубаиларын қазақ тіліне көркем нақышта аударған ақындардың еңбектері жан-жақты зерттелген. Мақалада шығыс шайырлары: Рудаки, Омар Хайям, Шираз, Руми, Фирдоуси сынды басқа да ақындардың туындылары әр қырынан талданған.
Тірек сөздер: Рубаи, төрттаған, ақын, поэзия, Шығыс, аударма.
https://doi.org/10.55956/HIHT7289
Аңдатпа. Қарақалпақстандағы қазақтар тілі өзінің ұлттық белгілерін сақтаған, жергілікті түркі тілдес халықтар мәдениетінің ықпалына азды-көпті ұшыраған, сондай-ақ өзіне тән сипатын айқындаған бай мұра. Мақалада жергілікті қазақтар тіліндегі той дәстүрлеріне байланысты жиі қолданылатын кейбір этнографизмдер туралы сөз етілген. Қазақ әдеби тілінде ерте дәуірлерден бері актив қолданылатын қалың мал, құда, киіт, сарпай, тойана, кәтқұда сыяқлы этнографизмдерге лингвистикалық анализ жасалған.
Тірек сөздер: Этнографизм, той дәстүрлері, қалың мал, құда, киіт, тойана, кәтқұда және т.б.
https://doi.org/10.55956/IEKB1132
Аңдатпа. Әдебиеттің басты мақсаты – заман, қоғам шындығын бейнелеу. ХХІ ғасырда Қазақ елі Ресей патшалығының 300 жылдық отарлық езгісінен, одан кейінгі кеңестік дәуірдің отаршылдығынан құтылғанмен, Тәуелсіздікті баянды етудің, өзге елдермен қатар тұрар мемлекет құрудың жеңіл еместігін бастан кешіп отыр. Тәуелсіздікке тәубе дегенмен, экономикалық, әлеуметттік, ұлттық, моральдік мәселелер күн тәртібінде өткір тұр. Қоғамның өзгерісі адамдардың санасына да үлкен өзгерістер әкелген. Жеке меншіктік сана орнықты. ХХ ғасырдың 90- жылдарының басында да, қазірде де мемлекеттік меншікті талан-таражға түсіріп, қалайда баюды көксегендер шықты. Олар баюды мақсат тұтып, адалдық пен әділдікті белден басты. Қиянат пен жағымпаздақ, бақай есеп пен қулық-сұмдық, ашкөздік пен қанағатсыздық қатар жүрді. Жазушы Е. Әлімжанның «Анажар» романында ХХІ ғасырдағы осындай көкейкесті мәселелер мен моральдік жайлар суреттеледі. Көркем туындыда автор түрлі аспектіде қарастырылады.Себебі ол көркем туындыны жасаушы ретінде шығарманың барлық бөлігіне араласады.Соның бірі - автордың өзін толғантқан басты ой қазығын кейіпкер, оныңтағдыры арқылы бейнелеуі. Бұл ретте қаһарман сюжеттің қозғаушы күші ғана емес, тартыс аясында жазушының толғанысын, қоғам туралы алаңдаушылығы мен сыншылдық көзқарасын оқырманға көркем жеткізуші тұлға болып саналады. Мақалада авторлық идеяның кейіпкер тағдыры арқылы суреттелуі және өзге де әдеби-теориялық мәселелер жазушының қазіргі заман тақырыбына жазылған романы негізінде талданады.
Тірек сөздер: Қазіргі қоғам, роман, автор бейнесі, қаһарман, ішкі монолог.